Журналдың тұжырымдамасы мен айдарлары

Turkic Studies Journal журналының мақсаты – түркі халықтарының тарихы, археологиясы, жазба ескерткіштері мен тілдері бойынша түпнұсқа ғылыми мақалаларды жариялау. Журналдың жариялау саясаты сондай-ақ шығыстанудың құрамдас бөлігі ретінде түркітану ғылымының өзекті мәселелері аясында халықаралық ғылыми ықпалдастықты дамытуды көздейді. Тарихи-мәдени мақалаларды жариялау хронологиялық өлшемер тұрғысынан, академиялық түсіндірмеге сәйкес, жоғары және төменгі шектері б.д. IV ғ. соңы –XVII ғ. болып саналатын ортағасырлық дәуірді қамтиды.

Алайда кейбір заманауи тарихи-археологиялық тұжырымдамаларда ортағасырдың бастауын Халықтардың ұлы көші заманына (б.д. IV-V ғғ.), Еуразияның саяси сахнасына ғұндар империясының шыққан кезеңіне жатқызады. Бұл кезеңді зерттеу түркі конфедерациялары мен мемлекеттерінің (ғұндар империясы, түркілердің, ұйғырлардың, қырғыздардың ежелгі мемлекеттері, қыпшақтар конфедерациясы, Жошы Ұлысы, Қазақ хандығы, т.б.) қалыптасуын бағдарлауға мүмкіндік береді.

Қазақстанның ортағасырлық далалық археология ескерткіштері жеткілікті зерттелмеген. Археологиялық зерттеулер түркі мемлекеттері тарихының ерте кезеңдерін, олардың шаруашылық жүйелерін, көші-қон үдерістерін және мәдени өзара әрекеттестігін зерттеу үшін аса маңызды дереккөз ретінде қарастырылады.   Археология материалдары жазба дереккөздермен және лингвистикалық мәліметтермен толықтырылып, бұл түркі әлеміндегі тарихи-мәдени үдерістерді кешенді түрде талдауға жол ашады

Журнал жарияланымдарының едәуір бөлігі мәтінтанулық талдауында көп проблема ұшырасатын руника, ұйғыр, манихей, араб, армян-қыпшақ, шағатай секілді әртүрлі графикалық жүйелермен жазылған түркі жазба ескерткіштерін зерттеуге арналған. Мәтінтану бөліміндегі түркі жазба ескерткіштері бойынша зерттеулер тек әдеби мәтіндерді ғана емес, сонымен қатар әртүрлі жанрлардағы мәтіндерді,  қажетті ақпаратты алу үшін асыл түпнұсқаларды қайта қалпына келтіруді көздейтін кең мағынадағы түркітануға негізделген. Сондықтан жазба ескерткіштерді зерттеуде олардың тарихи-мәдени түсіндірмесі мен лингвистикалық талдауы жасалады. Мәтінтанулық зерттеулер жазба ескертікіштерде көрініс тапқан тарихи жадты рухани құндылықтарды, діни таным-түсініктер  және зияткерлік дәстүрлерді талдауға бағытталған. 

Лингвистикалық зерттеулер түркі тілдерін диахрондық тұрғыдан да, синхрондық жағынан да, оның ішінде ілкі тілді реконструкциялау, түркі тілдерінің тарихи дамуы, олардың типологиялық ерекшеліктері мәселелерін қоса қарастыратын зерделеуді қамтиды. Заманауи түркі тілдерін зерттеу оларды салыстырмалы-типологиялық, жүйелі-құрылымдық, функционалдық-семантикалық және антропоөзектік бағыттарда саралауды білдіреді.  Сонымен қатар түркі тілдерінің шығыс және батыс тілдерімен ареалдық, мәдени байланыстарына қатысты жарияланымдар да маңызды болып саналады.

Журналдың ғылыми саласы:

  • ортағасырлар дәуіріндегі түркі конфедерациялары мен мемлекеттерінің тарихын;
  • далалық археология мен түркі халықтарының материалдық мәдениетін;
  • түркі жазба ескерткіштерінің мәтінтануы мен деректануын;
  • түрк тілдерін диахрондық және синхрондық тұрғыдан зерттеулерді;
  • Түркі әлемі аумағындағы салыстырмалы және өңіраралық зерттеулерді қамтиды.

Журналдың жариялау саясаты археологиялық материалдарға, түркі жазба дереккөздеріне және лингвистикалық мәліметтерге сұйенген деректанулық және талдамалы зерттеулерге, сонымен қатар  ғылыми айналымға жаңа материалдар мен түсіндірмелерді енгізетін жұмыстарға  бағдар ұстанады.

Журнал айдарлары

Журнал мақалалары негізгі екі – мәдени-тарихи және филологиялық бағыттар бойынша 2025 жылдан бастап келесі айдарлар аясында жарияланады:

  1. Ортағасырлық тарих және далалық археология
  2. Түркі жазба ескерткіштерінің мәтінтануы
  3. Түркі тілдері

Жарияланым түрлері

2026 жылғы бірінші санынан бастап журнал  тек түпнұсқа зерттеу мақалаларын жариялайды.