Құрметті әріптестер!
Turkic Studies Journal (Астана, Қазақстан) журналы сіздерді «Түркі жазба ескерткіштерінің мәтінтануы» тақырыбы бойынша 2026 жылдың екінші тоқсанында жарық көретін арнайы шығарылымына қатысуға шақырады.
Біз «мәтінтану» терминін кең ауқымда қарастырып, оны тарихи жазба ескерткіштің МӘТІНІН оқи отырып қайта жаңғыртуға және МАҒЫНАСЫН түсінуге, сөйтіп бұл ескерткіштер жазылған тілдердің иесі – түркі халықтарының мәдениеті, тарихы мен дүниетанымы туралы ақпарат алуға мүмкіндік беретін әртүрлі зерттеулерді білдіреді деп пайымдаймыз.
Мұндай зерттеулерде ескерткіштер хатқа түскен әртүрлі жазу түрлері: руникалық тасбітіктер, соғды, ұйғыр, манихей, сирия, араб, брахми, тибет жазбалары, латын, армян, кирилл қаріптерінің әртүрлі үлгілерімен және т.б. түрде жазылған мәтіндер қамтылуы мүмкін.
Бұл зерттеулер уақыт тұрғысынан түркі тілдеріндегі ең алғашқы ортағасырлық жазба құжаттармен ғана шектелмейді. Келесі өлшем маңызды: зерттелетін мәтін белгілі бір түркі тілінің тарихи ескерткіші ретінде бағаланса болды. Жазуы мезгілі жағынан біршама кенже (мысалы, он тоғызыншы немесе тіпті жиырмасыншы ғасырда) дамыған тілдер үшін сондай тарихи тілдік ескерткіштерге олардың тұңғыш хатқа түскен немесе зерттеушілер жинап, бұл тілдердегі әр түрлі ғылыми транскрипциялармен жазылған материалдар, сондай-ақ алғашқы әліппелер, сөздіктер, грамматикалар немесе бұл тілдерге миссионерлер тарапынан аударылған діни кітаптар (мысалы: Библия немесе Құран) жатқызылады.
Атап айтқанда, мақалада келесі зерттеу міндеттерін шешуге арналған мәселелер ұсынылуы мүмкін:
1) мәтіннің өзін тарқатып оқу:
- нашар сақталған мәтіндердің таңбаларын тану;
- жоғалған үзіктерді «қалпына келтіру» проблемалары;
- пайдаланылған жазулардың орфографиялық ерекшеліктері (таңбалар жиынтығы, олардың пішіндік нұсқалары, мән-мағынасы, орналасу өзгешеліктері, орфография ережелері);
- ескерткіш мәтінінің транслитерациясы мен транскрипциясы;
- оның фонетикалық, морфологиялық, синтаксистік және лексикалық ерекшеліктерін зерттеу;
- мәтінді аудару және түсіндіру (интерпретациялау).
2) мәтінаралық зерттеулер:
- қаралып отырған ескерткіштің жанрын анықтау;
- бұл жанрдағы мәтіндер шоғырына тән жанрлық ерекшеліктерді айқындау;
- ортақ жерлерді (мысалы: эпос мәтіндеріндегі эпикалық формулалар) және мәтіннің дағдылы бөлшектері мен оларды бейнелеу тәсілдерін (мысалы: эпиграфиялық мәтіндердегі өкінішті білдіру) ашып көрсету;
- мәтіннің аталған нұсқасын (мысалы, белгілі сутраның тізімін) басқаларымен олардың айырмашылықтарын және жеке ерекшеліктерін, т.б. анықтау үшін салыстыру.
3) мәтін негізінде лингвистикалық салыстырмалы-тарихи зерттеу жүргізу;
4) мәтінді тарихи және мәдениеттанулық тұрғыдан түсіндіру.
Журнал ережелеріне сәйкес рәсімделген мақаланың мәтінін келесі электрондық мекенжайлар бойынша жолдауды сұраймыз:
Мақаланы ұсыну мерзімі: 2026 жылғы 1 сәуірге дейін.
Мақалалар журнал ережелері бойынша рецензиялаудан өтеді. Редакция шығарылым тақырыбына сәйкес келмейтін немесе рецензенттер жарамсыз деп тапқан мақалаларды қабылдамау құқығын өзінде қалдырады.

















