Жариялау этикасы

Turkic Studies Journal журналы қолжазбаларды ұсыну, рецензиялау, редакциялық-баспалық өңдеу және мақалаларды жариялау үшін авторлардан ақы алмайды. Журналда қолжазбаларды ұсынуға байланысты алымдар да, мақалаларды жариялау үшін төлемдер де (Article Processing Charges, APC) жоқ.

Turkic Studies Journal журналының редакциялық саясаты мен этикалық талаптары жариялау этикасының жалпыға бірдей мойындалған халықаралық қағидаттарына және Баспа этикасы жөніндегі комитеттің  (Committee on Publication Ethics, COPE) ұсынымдарына негізделген.

Журналдың редакция алқасы мен Халықаралық редакциялық кеңесі өз қызметінде және жариялау үдерісінің барлық қатысушыларымен –  авторлармен, рецензенттермен, редакторлармен, баспамен, таратушылармен және оқырмандармен өзара қарым-қатынасында этикалық нормаларды қатаң ұстанады. Төменде зерттеу нәтижелерін жариялауға қатысатын авторлар, рецензенттер мен редакторлар  ұстануға тиіс этикалық нормалардың тізімі келтірілген.  

Баспагер жариялау этикасы қағидаттарын, соның ішінде келесі реттерде бұзуға жол бермеу үшін жауап береді:

  • Авторлардан мақалаларына рецензияны өз тараптарынан ұсынуды талап ету, сондай-ақ келісімді және жалған рецензиялау. Бұл жағдай журналда рецензиялау тәжірибесінің жоқтығын білдіреді.
  • Агенттіктердің қызметін ұсыну. Авторларға «толық әзірлеп жариялау», автордың атынан редакциямен хат жазысу, рецензенттің ұсыныстары бойынша мақалаларды агенттің өңдеуі, ақылы рецензиялар әзірлеу секілді делдалдық қызметтер көрсету.
  • Теңавторлықты сату, теңавторлықты сыйға тарту, авторлар құрамын өзгерту. Зерттеуге интеллектуалдық үлесін қоспаған тұлғаларды авторлар қатарында көрсету авторлық құқықтар мен этикалық нормаларды бұзу болып саналады, себебі оқырмандарды адастырып қана қоймай, алаяқтық ретінде бағаланады.  
  • Тысқары «ғылыми» конференция материалдарын жариялау. Мұндай конференциялардың тәжірибесі ғылым саласындағы алдау әрекеттерімен және алаяқтықпен тікелей байланысты болғандықтан, бұл конференциялардың материалдарын жариялау жалған ғылыми мәтіндерді таратуға септігін тигізетін бейэтикалық іс боп есептеледі.
  • Мақалалардың мәтіндерін авторлардың келісімінсіз басқа журналдарға беру. Мақаланы автормен келісілмеген журналда жариялау автордың мүддесіне қайшы келу боп саналады.
  • Авторлардың материалдарын үшінші тұлғаларға беру. Редакцияға жолданған материалдарды – рецензентер мен редакция қызметкерлерінен басқа –  үшінші тұлғаларға беру авторлық құқықтарды және редакцияның жұмыс үдерісінің құпиялығы қағидаттарын бұзу боп саналады.
  • Дәйкесөздермен манипуляциялар (қулық әрекеттер) жасау. Ғылымиметрикалық көрсеткіштерді жасанды түрде арттыру, шектен тыс өзіне өзі сілтеме жасау және достық дәйектемелер келтіру, орынсыз сілтемелер оқырмандарды адастырады және алаяқтық ретінде түсіндіріледі.
  • Плагиат, қасақана бұрмалау және деректерді қолдан жасау. Редакция мақалалардың мәтіндерімен мұқият жұмыс жасай отырып, өз басылымының беттерінде плагиат, қасақана бұрмалау пен деректерді қолдан жасау орын алған бейадал ғылыми жарияланымдардың жарық көруіне жол бермейді.

Кәсіби этиканың келесі негізі қағидаттарына назар аударылады:

Ғылыми жарияланым авторларының этикасы

  1. Авторлар Turkic Studies Journal редакциясына жариялау үшін жіберілген қолжазбаның журнал қолданатын тілдердің бірінде жазылған түпнұсқа екендігіне кепілдік береді;
  2. Авторлар басқа журналға жіберіліп, қарастырылып жатқан, сондай-ақ басқа журналда жарық көрген мақалаларды редакцияға ұсынбауға тиіс. Мақаланы бір мезгілде бірнеше басылымға ұсыну бейэтикалық әрекет боп саналады және оған жол берілмейді. Бір қолжазбаны бір мезгілде басқа журналға (журналдарға) ұсыну бейэтикалық әрекет деп қабылданады және мақаланы қарастырудан алып тастауға негіз болады. Материалдың бұрын жарияланбағандығы және басқа журналда қарастырылып жатпағандығы автормен жасалған келісімшартта расталып бекітіледі;
  3. Өзгелердің еңбегін шектен тыс пайдалану, сондай-ақ плагиаттың кез келген түрі, оның ішінде рәсімделмеген дәйексөздер, сөйлемдерді қайта өзгертіп тұжырымдау немесе басқалардың зерттеу нәтижелері құқығын иемденіп алу бейэтикалық әрекетке жатады және оған жол берілмейді;
  4. Автор (немесе авторлар ұжымы) ғылыми зерттеудің жаңашылдығы мен шынайылығы үшін бастапқы жауапкершіліктің жүктелетінін саналы түрде түсінеді.
  5. Авторлар жүргізілген зерттеулердің шынайы нәтижелерін ұсынуға тиіс. Әдейі қате жіберілген немесе қолдан жасалған жалған тұжырымдарға жол берілмейді;
  6. Авторлар ұсынылған қолжазбада ЖИ құралдарын пайдалану дерегін көрсетуге, оның мақсатын ашуға және негіздеуге міндетті, бұл Turkic Studies Journal журналының саясатына сәйкес ашықтықты қамтамасыз ету мен жариялау үдерісінің барлық қатысушылары арасындағы сенімді нығайту үшін жарық көрген мақалаға қосылады. Генеративті жасанды интеллектіні қолданудың негізділігі туралы түпкілікті шешімді редакция алқасы рецензенттердің ұсыныстарына сүйене отырып қабылдайды;
  7. Авторлар зерттеу нәтижелерінің интерпретациясына әсер етуі мүмкін кез келген нақты немесе ықтимал (қаржылық, институционалдық, кәсіби, жеке) мүдделер қақтығысын ашып көрсетуге міндетті. Мүдделер қақтығысы жоқ болған жағдайда авторлар бұл туралы ашық мәлімдеуге тиіс (автормен жасалған келісімшарт);
  8. Авторлар мақалада пайдаланылатын материалдарды жариялау үшін барлық қажетті рұқсаттарды алуға жауапты. Материалдарды пайдалану құқығы автормен жасалған келісімшартта расталып бекітіледі;
  9. Авторлар теңавторлар тізіміне тек зерттеуге елеулі үлес қосқан тұлғалардың енгізілгендігіне кепілдік береді. Мақаланың соңғы нұсқасын және оны жариялауға ұсынуды барлық теңавторлар мақұлдауға тиіс;
  10. Қолжазба авторларының тізімінде зерттеуді жүзеге асыруға және алынған нәтижелерді интерпретациялауға елеулі үлес қосқан барлық тұлғалар көрсетіледі;
  11. Егер автор мақаланы қарау барысында немесе ол жарияланғаннан кейін елеулі қателерді немесе дәлсіздіктерді анықтаса, бұл туралы журнал редакциясын мүмкіндігінше тезірек хабардар етуге және оларды түзету немесе жұмысты қайтарып алу жөнінде бірлескен шаралар қабылдауға тиіс;
  12. Барлық авторлардан әріптестері тарапына сын айтылған еңбектерде ғылыми әдептілікті сақтау талап етіледі. Олай болмаған жағдайда редакция материалды қабылдамау немесе оның стилін автормен келісе отырып түзету құқығын өзіне қалдырады;
  13. Қолжазбаны рецензиялау үдерісінде автор журнал редакциясымен ынтымақтаса жұмыс істеуге, ескертпелерге жедел жауап беруге және рецензенттің ұсыныстарын ескеруге міндетті. Рецензенттің бағасымен келіспеген жағдайда автор редакторға дәлелді уәждерін жолдайды. Рецензенттің ескертпелерін жөндеу мен ұсыныстарын орындау рецензия мәтіні авторға жолданған сәттен бастап бір ай ішінде жүзеге асырылуы тиіс;
  14. Мақала қайта басылған жағдайда оның авторы материалдың алғаш жарық көрген орнын көрсетіп, Turkic Studies Journal журналының құқықтарын бұзбауға тиіс.

Ғылыми жарияланымдарды рецензиялау этикасы

  • ‒ Редакция рецензиялау үдерісінің құпиялығын қамтамасыз етеді және жұмыстарды рецензиялаудың этикалық қағидаттарын қатаң сақтау қажеттігі жөнінде рецензенттерді хабардар етеді. Ұсынылған материалдарды рецензиялау үдерісі құпия сипатқа ие. Жарияланбаған материалдарды редакция, редакторлар немесе рецензенттер өз мүдделері үшін пайдалана алмайды;
  • ‒ Рецензиялау үдерісі объективті, коммерциялық мүдделер мен конъюнктуралық қажеттіліктерден тәуелсіз сипатқа ие. Зерттеудің ғылыми құндылығына, оның мазмұндылығы мен жаңашылдығына, ғылыми этика талаптарына сәйкестігіне басымдық беріледі;
  • ‒ Рецензиялау құпия (анонимді) түрде жүргізіледі. Рецензентке авторы көрсетілмеген қолжазба жіберіледі. Теріс рецензия болған жағдайда оның мәтіні қолжазба авторына рецензенттің қолы мен аты-жөні, қызметі, жұмыс орны көрсетілмей ұсынылады. Рецензент қолжазбада көрсетілген материалдардың шындыққа сәйкес еместігі немесе қасақана бұрмалануы туралы мәлімдеме жасаған жағдайда немесе плагиат орын алған кезде ғана құпиялық (анонимдік) бұзылуы мүмкін.
  • ‒ Рецензент жариялау үшін ұсынылған материалдарға және зерттеу нәтижелеріне объективті, дәлелді, негізделген баға беруге міндетті. Автордың жеке басына сын айтуға жол берілмейді;
  • ‒ Қорытынды ретінде рецензент қолжазбаны бағалау өлшемдері көрсетілген рецензия парақшасын толтырады. Рецензияның қорытынды бөлігінде қолжазбаның жалпы бағасы, ескертпелер мен ұсыныстар болады;
  • ‒ Өз пікірінше қолжазбаны бағалау үшін біліктілігі жеткілікті емес деп санайтын немесе объективті бола алмайтын рецензент бұл туралы редакторды хабардар етуге міндетті;
  • ‒ Ұсынылған қолжазбаға жағымды рецензия келіп түскеннен кейін жариялаудың орындылығы туралы түпкілікті шешімді редакция алқасы қабылдайды.

Ғылыми мақалаларды жариялау этикасы

  1. Turkic Studies Journal журналының редакциясы басылымның бағытына сәйкес келетін қолжазбаларды қарау үшін қабылдайды;
  2. Ұсынылған мақаланың өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы, оның журнал тақырыбына сәйкестігі, түпнұсқалығы және деректерінің шынайылығы, материалды баяндаудың түсініктілігі, журнал қойған барлық талаптарға сәйкестігі редакция тарапынан қолжазбаны қабылдау немесе қабылдамау үшін негізгі өлшемдер болып саналады;
  3. Редакция зерттеулерінде өрескел әрекеттерге жол берілген мақалаларды анықтау және оларды жариялауға жол бермеу үшін ақылға қонымды шаралар қолдануға, мұндай ереже бұзушылықтарды және оларға саналы түрде жол беруді қолдамауға міндеттенеді;
  4. Редакция авторлардың нәсіліне, жынысына, сексуалдық бағдарына, діни көзқарастарына, шығу тегіне, азаматтығына, әлеуметтік мәртебесіне немесе саяси ұстанымына қарамастан шешім қабылдауға кепілдік береді;
  5. Журнал ұрланған деп саналуы мүмкін материалдарды баспайды;
  6. Редакция мақаланы қабылдау, өңдеу және рецензиялау үдерісі кезінде толық құпиялыққа кепілдік береді. Жарық көрмеген материалдар жеке мақсатта пайдаланылмайды немесе рецензенттер мен редакция қызметкерлерінен басқа үшінші тұлғаларға берілмейді;
  7. Редакция жарияланатын қолжазбалардың бүтіндігін қорғауға, түзетулерді, өзгертулерді немесе мәтінді қысқартуды автормен келісіп жасауға міндеттенеді;
  8. Редакция қаралған қолжазбаларға немесе жарияланған материалдарға қатысты шағымдарды қарастыруға кепілдік береді. Қайшылықты жағдай туындағаны белгілі болса, бұзылған құқықтарды қалпына келтіру үшін қажетті шаралар қабылданады;
  9. Редакция баспагермен бірге қателерді мойындауға, олар анықталған жағдайда түзетулер, нақтылаулар, жоққа шығарулар және кешірім сұраулар жарияланатындығына кепілдік береді (Мақалаларды кері қайтару немесе түзету жөніндегі нұсқаулық);
  10. Редакцияның пікірі материалдары жарияланатын авторлардың көқарастарымен әрдайым сәйкес келе бермейді.

Генеративті жасанды интеллектіні пайдалану саласындағы саясат

Turkic Studies Journal журналының редакциясы ғылыми зерттеу саласында жаңа интеллектуалдық технологиялардың дамуын, инструментарийдың еңбек өнімділігін арттыру үшін қолданылуын таниды және қолдайды. Журнал ЖИ-дің жариялау саласындағы жаңа жетістіктерін мұқият қадағалайды және есепке алады. Ғылыми жарияланымдарды әзірлеген кезде ЖИ-ді пайдаланатын авторлардың саны барған сайын артып келеді, бұл іс жүзінде адам мен машина құрастырған мәтіннің арасындағы шекараны жойып, журналдың авторлыққа қатысты саясатының мазмұнына күмән тудырады.

Авторлар ұсынылған қолжазбада ЖИ құралдарын пайдалану дерегін көрсетуге, оның  мақсатын ашуға және негіздеуге міндетті, бұл Turkic Studies Journal журналының саясатына сәйкес ашықтықты қамтамасыз ету мен жариялау үдерісінің барлық қатысушылары арасындағы сенімді нығайту үшін жарық көрген мақалаға қосылады. Генеративті жасанды интеллектіні қолданудың негізділігі туралы түпкілікті шешімді редакция алқасы рецензенттердің ұсыныстарына сүйене отырып қабылдайды. Сонымен бірге редакция шығарманың теңавторлығына қолжазбаны әзірлеу кезінде қолданылатын ақпараттық жүйелердің атауларын, соның ішінде ChatGPT-ді қосуға жол берілмейтіндігін ескертеді.

Рецензиялау сапасын бақылау

Жекелеген жағдайларда редакция алқасы мақаланы қосымша рецензиялауға, оның ішінде статистикалық және әдіснамалық рецензиялауға жібере алады. Журналдың редакция алқасы рецензиялау сапасын тұрақты түрде бағалап отырады.

Журнал редакциясы рецензиялау үдерісі:

  • ‒ сапасы нашар мақалаларды жариялаудан сақтандыруға және талапқа сай жоспарланбаған әрі орындалмаған зерттеулердің жолын кесуге;
  • ‒ мақалада ұсынылған деректердің дұрыс, жеткілікті көлемде баяндалғанына көз жеткізуге;
  • ‒ мақалада өз саласындағы бұрынғы аса маңызды жұмыстарға сілтемелер бар екендігін тексеруге;
  • ‒ алынған мәліметтердің авторлық түсіндірмесінің дұрыстығына және қорытындыларының негізділігіне көз жеткізуге;
  • ‒ және осы негізде мақаланы жариялау туралы шешім қабылдауға, ал авторларға оны жақсарту жөнінде (қажет болған тұста) ұсыныстар беруге көмектеседі деп есептейді.

Жарнамаға қатысты саясат

Редакция өз қызметінде этикалық стандарттарды ұстанады және ең алдымен редакциялық тәуелсіздік құқығын жақтайды. Жарнамалық-ақпараттық материалдарды орналастыру мен демеушілік материалдарды жариялау үшін таңдап алуға қатысты редакциялық шешімдерге және редакциялық мазмұнға қандай да бір түрде ықпал ете алмайды. Журнал жарнаманы ілестіру үшін материалдар жарияламайды және нақты мақалаларға қатысты жарнаманы сатпайды. Журналда жарық көретін жарнамалық-ақпараттық материалдар редакциялық мақалалармен араластырылмайды.

Жарнамалық материалдарды орналастыру жөніндегі барлық шешімдерді тек Баспагер қабылдайды.

Редакция жарнамалық-ақпараттық материалдарды қабылдамау құқығын өзінде қалдырады.