Turkic Studies Journal журналының құрылу тарихы

Turkic Studies Journal халықаралық ғылыми журналының құрылуы  Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Еуразия ғылыми кеңістігінде түркітанулық зерттеулердің көпжылдық дамуының  заңды нәтижесі болды.

Ел аумағы мыңдаған жылдар бойына Еуразиядағы тарихи үдерістерге зор ықпал еткен белсенді мәдени байланыстардың, көші-қон мен көшпенді өркениеттердің аймағы боп келді. Бұл ұлттық ғылыми орталықтарда түркілердің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге және түркітанулық зерттеулерді дамытуға алғышарт жасады. 

Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті өңірдегі жетекші түркітану ғылым-білім орталықтарының бірі боп саналады. Мұнда түркі жазба ескерткіштерін, түркі халықтарының тілі мен мәдениетін  зерттеу саласында ғылыми мектеп қалыптасқан, Түркітану мен Алтаистика Орталығы, түркітану кафедрасы және түркі жазуы музейі жұмыс жасайды. Университетте «Түркітану» мамандығы бойынша білім беру бағдарламалары оқытудың үш деңгейінде (бакалавриат, магистратура,  докторантура) жүзеге асырылады, халықаралық және отандық зерттеу жобалары жүргізіледі, әртүрлі ел мамандары қатысатын ғылыми конференциялар тұрақты түрде өткізіледі.

Журнал құрылғанға дейін бұл конференциялардың нәтижелері жеке материалдар жинағы түрінде жарық көріп тұрды. Алайда халықаралық ғылыми байланыстардың кеңеюі мен бірлескен зерттеулер санының көбеюі жүйелі академиялық диалог пен заманауи түркітанулық зерттеу нәтижелеріне бағдар ұстанған тұрақты ғылыми алаңның қажет екендігін көрсетті.

Түркітанушылардың мамандандырылған кафедрасының, зерттеу бөлімшелерінің және кәсіби қауымдастығының болуы тұрақты инфрақұрылымды қалыптастырып, рецензияланатын халықаралық журналдың құрылуы аталған ғылыми бағыттың институционалдық дамуының заңды кезеңі ретінде қарастырылды.

Ұлы дала және түркі әлемі тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге бағытталған мемлекеттік бастамалар зерттеулердің бұл саласын дамытуды қолдап, журналдың құрылуына ықпалын тигізді.  

2019 жылы Turkic Studies Journal халықаралық журналы Л.Н.Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында құрылды. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің тіркеу процедураларынан өткеннен кейін журнал 2019 жылдың үшінші тоқсанынан бері жарық көре бастады.