Жариялау этикасы

«Turkic Studies Journal» журналының редакциясы мен баспагері ғылыми жарияланымдардағы кез келген бейэтикалық мінез-құлық пен плагиатқа үзілді-кесілді қарсы. Журналдың этикалық стандарттары Жарияланым этикасы жөніндегі комитеттің (Committee on Publication Ethics, COPE) ұсынымдары мен Elsevier баспасының Ғылыми жарияланымдар этикасы жөніндегі нұсқаулығына (Publishing Ethics Resource Kit, PERK) негізделеді.

Журналдың жарияланым этикасы редакцияның (редакторлардың), авторлар мен рецензенттердің құқықтары мен міндеттерін нақты айқындайды, сондай-ақ ғылыми адалдық нормаларын бұзған жағдайда қолданылатын шараларды сипаттайды. Редакциялық алқа жарияланым үдерісіне қатысушы барлық тараптармен — авторлармен, рецензенттермен, редакторлармен және баспагермен — өзара қарым-қатынаста жоғары этикалық стандарттарды ұстанады.

Ғылыми мақалаларды жариялау этикасы

Мақаланы қабылдау немесе қабылдамау туралы шешім қабылдауда «Turkic Studies Journal» журналының редакциясы мынадай негізгі ұстанымдарды басшылыққа алады: ұсынылған мақаланың өзектілігі мен ғылыми маңыздылығы, журналдың тақырыптық бағытына сәйкестігі, материалдың түпнұсқалығы мен деректердің шынайылығы, мазмұнның анықтығы мен дәйектілігі, сондай-ақ журналдың барлық талаптарына сәйкестігі.

Журнал редакциясы ғылыми мақалалармен тікелей авторлар арқылы жұмыс жасайды және ғылыми зерттеу нәтижелерін жариялауға жәрдемдесетін делдал ұйымдармен немесе агенттіктермен ынтымақтастық орнатпайды.

Редакция қолжазбаны қабылдау, өңдеу және рецензиялау үдерісінде толық құпиялылықты қамтамасыз етуге міндеттенеді. Қолжазба бойынша мәліметтер рецензиялау және жариялауға дайындық барысында авторлар мен рецензенттерден өзге тұлғаларға берілмейді. Жарияланбаған материалдар мен қолжазбалардан алынған деректерді жарияланым үдерісіне қатысушылар жеке мүдделер үшін пайдалануға ешқандай құқығы жоқ.

Журналда қолданылатын «Double blind» жабық рецензиялау қағидасына сәйкес, редакция рецензенттерге автор туралы, ал авторларға рецензент туралы ақпарат бермеуге міндетті. Мақаланы жариялауға қабылдау туралы шешім екі рецензенттің оң пікіріне негізделеді. Егер рецензенттердің пікірі қарама-қайшы (бірі оң, бірі теріс) болса, редакциялық алқа екі тараптың дәлелдерін мұқият қарастырып, мақаланың тағдыры мен оны жетілдіру жолдары туралы коллегиалды шешім қабылдайды және бұл туралы авторға хабарлайды.

«Turkic Studies Journal» редакциясы мақалаларды әділ және сапалы ғылыми рецензиялау үдерісін қамтамасыз етіп, жариялау немесе қабылдамау шешімдерін объективті түрде негіздеуге міндеттеледі. Редакция мақалаларды қарастыру барысында мүдделер қақтығысынан толықтай аулақ болуы тиіс.

Редактор, егер қолжазбамен байланысты қандай да бір мүдделер қақтығысы (автормен бәсекелестік, бірлескен авторлық, қаржыландырушы ұйымдармен немесе зерттеу мекемелерімен байланыс және т.б.) бар болса, қолжазбаны қарастыру кезеңінде жауапкершілікті алудан бас тарту қажет.

Редакция авторларды жынысына, жасына, діни сеніміне, ұлтына, азаматтығына, саяси көзқарасына немесе басқа да қандай да бір жеке белгісіне қарай кемсітпеуді толықтай қамтамасыз етеді.

Редакция жарияланған материалды кері қайтарып алу (ретракция) шешімін тек елеулі себептер болған жағдайда ғана қабылдайды. Мұндай себептерге автор тарапынан этикалық нормаларды бұзу, ғылыми жаңсақтықтар немесе оқырманды жаңылыстыратын мәлімдемелер жатады.

Редакция келіп түскен шағымдарға жедел жауап қайтаруға және қолжазбалар мен жарияланған материалдарға қатысты түсірілген өтініштерді мұқият қарауға міндеттенеді. Қайшылық жағдайлар туындаған жағдайда, редакция құқық бұзушылықты қалпына келтіру үшін қажетті шараларды қабылдайды.

Редакция зияткерлік меншікке қатысты мәселелерге мұқият қарауға және осы саладағы заңдар мен келісімдердің ықтимал бұзылу жағдайларын реттеу барысында өзге ғылыми басылымдардың редакциялары мен баспаларымен өзара ынтымақтастықта жұмыс істеуге міндеттенеді.

Авторлардың ғылыми жарияланым этикасы

«Turkic Studies Journal» журналына жариялауға ұсынылған қолжазба түпнұсқа болып табылуы, журналдың ресми тілдерінің бірінде жазылуы және бұрын толық немесе кейбір бөліктері жарияланбаған болуы тиіс. Бір қолжазбаны бір мезетте басқа журналға (журналдарға) ұсыну этикаға жат әрекет болып есептеледі және мақаланы әрі қарай қараудан алып тастауға негіз бола алады.

Егер қолжазбаның кейбір элементтері бұған дейін басқа мақалаларда жарияланған болса, авторлар бұл жөнінде сілтеме жасап, жаңа мәтіннің бұрынғымен салыстырғанда елеулі айырмашылығын нақты көрсетуі тиіс. Басқа авторлардың мәтіндік немесе графикалық материалдарын пайдаланған жағдайда, міндетті түрде тиісті дереккөздерге және бастапқы жарияланымдарға сілтеме берілуі қажет.

Плагиатқа жол берілмейді және ол ғылымдағы бейэтикалық әрекет ретінде бағаланады. Үшінші тұлғалардан алынған деректер тек бастапқы дерек иесінің жазбаша рұқсатымен ғана жариялана алады. Авторлар шектен тыс дәйексөз келтіруден, сөзбе-сөз немесе мағыналық тұрғыда өзгенің еңбектерін иемденуден аулақ болуға тиіс.

Қолжазба авторларының тізімінде зерттеу идеясы, дизайны, орындалуы және алынған нәтижелердің интерпретациясына елеулі үлес қосқан барлық тұлғалар көрсетілуі қажет. Мақаланың соңғы нұсқасы барлық авторлармен келісілуі тиіс.

Авторлар рецензиялау үдерісіне белсенді қатысуға және рецензенттер мен редакция тарапынан ұсынылған түзетулерді, түсіндірмелерді немесе қажетті өзгерістерді енгізуге дайын болуға міндетті.

Егер қолжазбаны қарау немесе баспаға дейінгі дайындық кезеңінде автор тарапынан бейэтикалық мінез-құлық анықталса, редакция қолжазбаны әрі қарай қараудан алып тастауға және автормен ынтымақтастықты тоқтатуға құқылы. Мұндай жағдайда редакция автордың жұмыс берушісіне оның бейэтикалық әрекеті туралы ресми түрде хабарлауға құқылы.

Автордың бейэтикалық мінез-құлқы мақала жарияланғаннан кейін (қатар жариялау фактілері, авторлық құқықтардың бұзылуы, плагиат, деректерді қолдан жасау және т.б.) анықталған жағдайда, редакция мақаланы журнал сайтынан және ғылыми архивтер мен индекстеу базаларынан кері қайтару (ретракция) туралы шешім қабылдауға құқылы. Сонымен қатар, бейэтикалық әрекет туралы мәліметтермен қатар мақала жарияланған өзге журналдарға да жолданады.

Егер автор жарияланған мақалада елеулі қателіктер немесе дәлсіздіктер анықталса, ол бұл туралы редакцияға дереу хабарлап, олармен бірлесіп мақалаға түзету енгізуге немесе оны кері қайтаруға (кері жариялауға) міндетті.

Ғылыми мақалаларды рецензиялау этикасы

Рецензиялау үшін қабылданған қолжазба құпия құжат ретінде қаралуы тиіс. Ондағы материалдар бас редактор тарапынан уәкілетті тұлғалардан өзге үшінші тұлғаларға көрсетілмеуі және олармен талқыланбауы қажет. Рецензиялау барысында алынған құпия ақпарат, идеялар мен нәтижелер құпия сақталуы және рецензенттің жеке пайдасы үшін қолданылмауы тиіс.

Рецензиялау тек объективті негізде жүргізілуі қажет. Авторға қатысты рецензенттің жеке сын-пікірлері мен субъективті көзқарастарына жол берілмейді. Рецензент өз пікірін нақты, дәлелдермен негіздей отырып, ғылыми әрі сыпайы түрде білдіруге міндетті.

Рецензенттің сараптамалық қорытындысы автордың жынысы, діни сенімі, ұлты, азаматтығы, саяси көзқарасы немесе басқа да жеке деректеріне тәуелді болмауы тиіс.

Рецензенттер, егер рецензиялауға ұсынылған қолжазбаға қатысты олардың бәсекелестік, ғылыми ынтымақтастық, жеке қатынас, қаржыландырушы немесе зерттеу ұйымдарымен байланысы сияқты мүдделер қақтығысы туындайтын болса, мұндай қолжазбаны бағалаудан бас тартуы тиіс.

Рецензенттің қолжазбаға тікелей жеке мүдделілігі болған жағдайда, ол бұл мақаланы қарастыруға қатыспауы керек.

Рецензенттер авторлар тарапынан сілтеме жасалмаған, алайда рецензияланып отырған мәтінде пайдаланылған маңызды жарияланған еңбектерді анықтауға міндетті. Егер мақалада бұрын басқа жарияланымдарда пайдаланылған тұжырымдар, қорытындылар немесе дәйектер келтірілсе, олар тиісті түрде сілтеме арқылы рәсімделуі қажет.

Сондай-ақ, рецензент рецензияланып отырған қолжазбаның басқа белгілі еңбектермен елеулі немесе ішінара ұқсастығы бар екені жайлы ескертуге міндетті.

Баспагердің жауапкершілігі

Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Turkic Studies Journal» журналының баспагері ретінде редакция шешімдерінің дербестігін қамтамасыз етіп, оларға жарнама берушілердің немесе өзге коммерциялық серіктестердің ықпал етуіне жол бермей, редакциялық баспа этикасын сақтауға міндеттенеді.

Баспагер ғылыми нәтижелердің объективтілігін қорғауға, зияткерлік және этикалық нормалардың іскерлік мүдделермен бұрмалануына жол бермеуге, қажет болған жағдайда мақалада кеткен қателер, түсінбеушіліктер, жөндеулер мен кешірімдерді жариялауға келісуге міндеттенеді.

Автор (авторлар) тарапынан ғылыми этика нормаларына қайшы келетін әрекеттер (мысалы, жалған нәтижелер, плагиат) анықталған жағдайда, баспагер редакциямен бірлесе отырып, Committee on Publication Ethics (COPE) және Publishing Ethics Resource Kit (PERK) ұсынымдарына сәйкес тиісті шаралар қолданады.

Мақаланы баспаға ұсыну арқылы автор (авторлар) Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне келесі құқықтарды мерзімсіз негізде береді:

  • мақаланы «Turkic Studies Journal» журналында жариялау, тарату, көшіру, қайта басу және өзге де түрде көбейту құқығы (журналдың баспа нұсқасы үшін таралым 40–50 дана көлемінде шектеледі; электронды нұсқа үшін мерзім мен таралым шектелмейді);
  • мақаланы дербес жарияланым ретінде де, журнал құрамында да кез келген ақпарат тасымалдағыш арқылы әлемнің кез келген нүктесінде еркін тарату құқығы;
  • мақаланың метадеректерін сақтау, өңдеу, жүйелеу және тарату, сондай-ақ оларды түрлі ақпараттық жүйелер мен дерекқорларға енгізу құқығы.