Авторларға арналған ережелер

Turkic Studies Journal  журнал тақырыбына және осы Нұсқаулықтың талаптарына сәйкес келетін түпнұсқа ғылыми мақалаларды қарауға қабылдайды.

  1. Қолжазбаны ұсыну және құжаттар жиынтығы

Мақалаларды ұсыну тек журналдың tsj.enu.kz ресми сайты арқылы автор(лар) тіркелгеннен кейін жүзеге асырылады.

Мақаланы ұсынғанда автор(лар) қолжазба файлын, сондай-ақ еңбектің түпнұсқалығын, жариялау этикасын сақтайтынын және журналдың редакциялық саясатымен келісетінін растайтын ілеспе хатты (авторлық міндеттеме) жүктейді.

Журналға айрықша емес құқықтарды беру туралы  Лицензиялық келісім мақала жариялауға қабылданғаннан кейін ғана рәсімделеді және оған қол қойылады.

Иллюстрациялар, диаграммалар мен кестелер болған жағдайда олар жеке файлдармен жүктеледі. Сонымен қатар иллюстрациялар, диаграммалар мен кестелер тізімі бар қосымша ұсынылады.  Қолжазбаны ұсыну автор(лар)дың рецензиялау процедурасымен және журналдың редакциялық ережелерімен келісетінін білдіреді.

  1. Жариялау тілі

Журнал материалдарды ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде жариялайды. Жариялау тілін зерттеу тақырыбын және мақсатты аудиторияны ескере отырып автор таңдайды.

  1. Қолжазбаның көлемі

Ғылыми мақаланың ұсынылатын көлемі метадеректерді есепке алмағанда, 20 000 –  55 000 таңба аралығын құрайды.  Көлемі осыдан аз немесе үлкен мақалалар, егер олардың көлемі зерттеу логикасымен негізделсе және ғылыми құндылығын төмендетпесе, редакциямен келісім бойынша қарауға қабылдануы мүмкін.   

  1. Қолжазбаны рәсімдеуге қойылатын жалпы талаптар

Қолжазба мәтіндік редакторда (.doc / .docx) әзірленеді.

Мәтінді теру үшін Times New Roman қарпі қолданылады, өлшемі –  12, аралық интервал – 1,15, абзацтық (азат жол) шегініс – 1 см, мәтін ені бойынша тураланады. Беттің барлық жағындағы өрістер 2 см етіп қойылады,  бет бағдары – кітаптық.

  1. Материалды баяндау логикасы мен құрылымы

Ғылыми мақаланың мәтіні ғылыми жарияланымдардың халықаралық тәжірибесіне сәйкес келетін, логикалық тұрғыдан жүйелі түзілген құрылымы болуы қажет. Ғылыми мақалалар үшін тараулардың келесі реті ұсынылады: кіріспе, материалдар мен әдістер, әдебиетті шолу, талдау, нәтижелер, қорытынды.

  1. Автор(лар) туралы деректер және автор(лар) туралы мәлімет. Мақаланың аты.

Автор(лар) туралы келесі деректер бірінші бетте беріледі: аты мен әкесінің атының инициалдары, сондай-ақ фамилиясы, ұйым, қала, мемлекет және электрондық пошта адресі. Екі немесе одан көп авторлар болған жағдайда міндетті түрде хат-хабарлама үшін автор (Corresponding Author) көрсетіледі. ORCID  идентификаторын белсенді сілтеме түрінде көрсету ұсынылады.

Автор(лар) туралы келесі мәліметтер қолжазбаның соңында  қалың қаріппен беріледі: автор(лар)дың толық аты-жөн(дер)і, ғылыми дәрежесі мен ғылыми атағы, жұмыс орнының толық атауы, мекенжайы, қаласы мен мемлекеті  курсивпен жазылады. SCOPUS  идентификаторын белсенді сілтеме түрінде көрсету ұсынылады.

Мақаланың атауы жұмыстың мазмұнын дәл және бірмәнді сипаттауы тиіс. Атау қалың қаріппен теріледі, ені бойынша абзацтық шегініссіз тураланады. Рецензиялау процедурасы барысында автор(лар) туралы деректер мен мәліметтерді алып тастап, мақала атауын қалдыру ұсынылады. 

  1. Аннотация

Аннотация дербес ғылыми-ақпараттық мәтін болып саналады және мақаланың мазмұнын сәйкес әрі толық көрсетуі тиіс. Аннотация көлемі қазақ және орыс тілдерінде – 300–350, ал ағылшын тілінде 300–450 сөзді құрайды. Аннотация мәтінінде зерттеудің нысаны мен өзектілігін белгілеу, мақала атауында толық ашылмаған жағдайда жұмыстың мақсатын тұжырымдау, сондай-ақ егер жаңашылдығымен ерекшеленсе немесе жеке ғылыми қызығушылық тудыратын болса, қолданылатын зерттеу әдістерін сипаттау қажет.  Аннотация зерттеудің негізгі нәтижелерін, авторлық пайымдарды және жеке тұжырымдарды, сонымен қатар қажет болған жағдайда ұсыныстар, бағалаулар мен алға тартылатын болжамдар енгізілген түпкілікті қорытындыларды қамтуы тиіс. Аннотацияны әзірлегенде мақала атауының сөз тіркестерін қайталаудан, шектен тыс күрделі және ұғымға ауыр грамматикалық құрылымдардан, жалпыға белгілі ережелерді баяндаудан, сондай-ақ бұрын жарияланған жұмыстардың атауларын еске салудан аулақ болу ұсынылады.

  1. Кілт сөздер

Мақалаға зерттеудің негізгі мазмұнын көрсететін 10–12 кілт сөз немесе сөз тіркесі қосылады. Кілт сөздер зерттеудің аймағын, хронологиясын, тақырыбын және арнаулы терминологиясын ашып көрсетуі тиіс. Кілт сөздер әліпби тәртібімен емес, маңыздылық деңгейіне қарай орналастырылып, үтір арқылы бөлінеді; тізім соңында нүкте қойылмайды.

  1. Өзге тілдердегі аннотация мен кілт сөздер

Аннотация мен кілт сөздерді автор өзге екі тілде ұсынады.

Таяу және алыс шет елдердегі авторлар үшін аннотациялар мен кілт сөздерді ағылшын және орыс тілдерінде ұсынуға рұқсат етіледі; бұл жағдайда аннотацияларды, кілт сөздерді, мақала атауын және автор(лар) туралы деректерді қазақ тіліне аудару редакция тарапынан жүзеге асырылады.

  1. Иллюстрациялар, кестелер және диаграммалар

Иллюстрациялар, кестелер мен диаграммалар логикалық тұрғыдан мәтінмен байланысты болуы және онда еске салынуы тиіс. Әр иллюстрацияның нөмірі мен ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде ұсынылған атауы болады. Өзгеден алынған материалдарды пайдалану орын алған жағдайда дереккөзі міндетті түрде көрсетіледі. Иллюстрациялар мақала мәтінінде, соынмен қатар жеке файлдар түрінде қамтуы 300 dpi-ден кем емес JPEG немесе TIFF форматтарында ұсынылады. Диаграммалар мен сызбаларды MS Excel-де деректердің бастапқы кестелері қосымшасымен әзірлеу ұсынылады.  

Мақалаға иллюстрациялар, кестелер және диаграммалар тізімі Жеке қосымша түрінде «Иллюстрациялар», «Диаграммалар», «Кестелер» атауларымен ұсынылады.  

  1. Қаржыландыру көздері

Мақалада зерттеуді қаржылық қолдау туралы (болған жағдайда) келесі мәліметтер көрсетіледі: ұйымның, жобаның және гранттың атаулары. Қаржыландыру жоқ болған жағдайдазерттеудің қаржылық қолдаусыз орындалғаны көрсетіледі.  

  1. Авторлардың үлесі

Авторлар әр теңавтордың мақаланы әзірлеуге қосқан үлесін көрсетуі міндетті. CRediT (Contributor Roles Taxonomy) таксономиясын қолдану ұсынылады. Барлық авторлар зерттеуге елеулі үлес қосқандығын және мақаланың түпкілікті нұсқасын мақұлдағанын растайды. Авторлардың үлесі мақала қолжазбасының соңында авторлар туралы мәліметтерден кейін көрсетіледі.

  1. Мүдделер қақтығысы

Авторлар зерттеу нәтижелерін түсіндіруге ықпал етуі мүмкін кез келген нақты немесе ықтимал мүдделер қақтығысын ашып көрсетуі тиіс.  Мүдделер қақтығысы жоқ болған жағдайда соған сәйкес мәлімдеме көрсетіледі.

  1. Тілдік және техникалық дұрыстық

Қолжазба орфографиялық, пунктуациялық және стилистикалық қателер тұрғысынан мұқият тексеріліп, рәсімдеу үшін бекітілген талаптарға сәйкес келуі тиіс.  Талаптарға сәйкес келмейтін қолжазбалар авторларға жетілдіру үшін қайтарылады және жетілдіру үшін қайтару жариялаудан бас тартуды білдірмейді.