TSJl журналында жасанды интеллектіні пайдалану қағидалары
(https://tsj.enu.kz/index.php/new)
Қолжазбаны дайындау барысында жасанды интеллект (ЖИ) құралдарын пайдаланған авторлар бұл туралы міндетті түрде мәлімдеп, оларды қолдану мақсатын нақты көрсетіп, негіздеуге тиіс. Тиісті ақпарат «Материалдар және зерттеу әдістері» бөлімінде берілуі қажет. Авторлар пайдаланған ЖИ құралының атауы мен нұсқасын, оны қолдану мақсатын көрсетуге, сондай-ақ ғылыми мазмұнның, деректерді талдаудың және қорытындылардың өздері тарапынан дербес әзірленгенін растауға міндетті.
ЖИ құралдарын пайдалану туралы ақпараттың болмауы қолжазбаны пысықтау үшін авторларға қайтаруға негіз болады. Сонымен қатар ЖИ құралдарын қолданудың негізділігі рецензенттер тарапынан қосымша қарастырылатынын ескертеміз.
Авторларға арналған нұсқаулықта төмендегі талаптар белгіленген:
- ЖИ-ді пайдалану туралы ақпаратты рәсімдеу тәртібі
ЖИ құралдарын пайдалану туралы ақпарат «Материалдар және зерттеу әдістері» бөлімінде төмендегі үлгіге сәйкес рәсімделуге тиіс. Бұл ретте тік жақша ішіндегі мәліметтер тиісті ақпаратпен алмастырылады:
Жасанды интеллектіні пайдалану: [құралдың атауы мен нұсқасы] [қолдану мақсатының нақты сипаттамасы] мақсатында пайдаланылды. Авторлар ғылыми мазмұн мен қорытындылардың өздері тарапынан дербес әзірленгенін растайды.
- Ақпаратты толтыруға қойылатын міндетті талаптар:
- Құралдың атауы: Пайдаланылған құралдың нақты атауы көрсетілуі қажет (мысалы, ChatGPT, DeepL, Grammarly). Сонымен қатар оның нұсқасы көрсетілуге тиіс. Егер нұсқасы белгісіз болса, құралдың соңғы пайдаланылған күні мен әзірлеушісінің атауы беріледі.
- Қолдану мақсаты: Құралды пайдалану мақсаты нақты әрі рецензенттер тарапынан бағалауға мүмкіндік беретіндей дәрежеде сипатталуы қажет. «Мәтінді жазуға көмектесу үшін», «мәтіннің аудармасын жақсарту үшін» сияқты жалпылама тұжырымдарға жол берілмейді. Рецензенттер авторлардан нақты міндетті орындау барысында сөздіктер, мәтіндік редакторлар немесе электрондық кестелер сияқты дәстүрлі құралдардың орнына ЖИ-ді пайдаланудың қажеттілігін негіздеуді сұрауға құқылы.
- Міндетті тұжырым: «Авторлар мақаланың ғылыми мазмұны өздері тарапынан дербес әзірленгенін растайды» деген сөйлем өзгеріссіз берілуге тиіс. Егер авторлар бұл тұжырымды растай алмаса, ЖИ-ді пайдалану қосымша көмек көрсетудің рұқсат етілген шегінен тыс деп есептеледі және ондай қолжазба қабылданбайтынын қатаң түрде ескертеміз.
- «Материалдар мен әдістер» бөлімінде ЖИ-ді пайдалану туралы ақпаратты рәсімдеу үлгісі:
Жасанды интеллектіні пайдалану: OpenAI компаниясы әзірлеген ChatGPT құралы (GPT-4 нұсқасы, соңғы пайдаланылған күні – 10.04.2026) Кестелерді, графиктерді, схемаларды, суреттерді және оларға арналған түсіндірме жазуларды әзірлеу, сондай-ақ иллюстрациялардың көрнекілік сапасын жақсарту мақсатында қолданылды.
Авторлар аңдатпалар мен түйін сөздерді, мақаланың ғылыми мазмұнын, деректерді талдауды, зерттеу нәтижелері мен қорытындыларды, сондай-ақ пайдаланылған әдебиеттер тізімін өз бетінше әзірленгенін растайды.















